"АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БІРЖАН САЛ АУДАНЫ БОЙЫНША БІЛІМ БӨЛІМІ ҚЫЗЫЛҰЙЫМ АУЫЛЫНЫҢ НЕГІЗІГІ ОРТА МЕТЕБІ" КММ
КГУ «ОСНОВНАЯ СРЕДНЯЯ ШКОЛА СЕЛА КЫЗЫЛУЮМ ОТДЕЛА ОБРАЗОВАНИЯ ПО РАЙОНУ БИРЖАН САЛ УПРАВЛЕНИЯ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ»

СоцСети

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Ресурстық оқудың шағын жинақты мектептегі оқушылар үшін тиімділігі

Ресурстық оқудың шағын жинақты мектептегі оқушылар үшін тиімділігі

       Қайырлы күн,  құрметті әріптестер. Мен, Ерубаева Ақбаян Қайырбекқызы,  мұнартқан Көкше жерінің Бүркітті шоқысының етегіндегі айдын шалқар Жөкей көлінің жағалауында орналасқан Біржан сал ауданына қарасты Қызылұйым ауылының негізгі орта мектебінің директорымын.  Бүгінгі менің баяндамамның тақырыбы: Магнитті шағын жинақталған жинақталған мектеп оқушылары үшін ресурстық оқудың тиімділігі. Мен басшылық ететін Тәуелсіздікпен тағдырлас білім ошағында 15 мұғалім шығармашылықпен жұмыс істеуде, «Ұстаз-ұлы есім» демекші, олардың 11-і жоғары білімді, 4-еуі орта арнаулы білімдері бар, үш мұғалім жоғары, екі мұғалім бірінші, төрт мұғалім сарапшы, үш мұғалім модератор және үш мұғалім екінші санатты, санатсыз мұғалім жоқ, негізгі пән мұғалімдері түгел, әр сабақ талапқа сай өтуде.  Оқушыларымыз мектепте, аудан, облыс  көлемінде ұйымдастырылатын білім додаларына, әртүрлі өнер, спорт сайыстарына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр, алайда қай салада болмасын технологияның дамыған заманында оқушыларымыздың химия, физика, биология пәндерінен зертханалық жұмыс істей алмайтынын жасырмаймын, білім алушыларымыз интерактивті тақтамен, мультимедиялық кабинетте, заманауи арнайы жабдықталған кабинеттерде оқуы арман болатын, бір сөзбен, шағын жинақты мектептерде білім алушылар санының аздығынан, сыныптарды біріктіріп оқытуға және кәсіптік-бағдарлы бағытта оқытуды ұйымдастыру мүмкіндігінің болмауына байланысты оқушылардың даму кеңістігінің тұйықтығы байқалатыны бәрімізге аян.

     Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірнеше жылдан бері  ресурстық орталықтар, тірек мектептер мен магнит мектептері қауымдастықта жұмыс істей бастады.  2015 жылдан бастап біздің мектеп Степняк қаласындағы №2 Абай атындағы орта мектебінің магнитті мектебі болып табылады. Балаларымыздың жан-жақты жабдықталған зәулім мектепте оқысам деген армандары жүзеге асқандай болды, бірақ әрине, бас кезінде ресурстық оқытуды ұйымдастыру барысында өзіндік қиындықтар туындағанын жасырмаймын, ең алдымен мектептегі ата-аналар тарапынан қарсылық білдіргендер болды, себебі балалрының жолға шығып, басқа мектепке барып білім алуына үзілді-кесілді қарсы болды, оқушылар арасында да басқа ортаға барып білім алуға қобалжитындарын, қорқыныш сезім билейтінін білдіргендер болды. Уақыт өте келе, ресурстық  оқытудың тиімділігін байқаған ата-аналар бүгінгі күні балаларын қуана-қуана жіберетін болды, оқушыларымыз да жаңа ортаға тезірек бейімделгендей болды.   Ресурстық орталық магнитті мектептен барған оқушыларды құшақ жая қарсы алып, оқу тірек мектебіндегі білім беру үдерісі – бірыңғай оқу жоспарының негізінде жүзеге асырылады және ұйымдастырылатын ресурстық оқу үш сессиядан тұрады: тағайындау сессиясы, оқу сессиясы және қорытынды сессиясы. Магнитті мектептен келетін оқушылар үшін ресурстық орталық жан-жақты жабдықталған, 20 моноблок, мультимедиялық кабинет, толық жабдықталған кабинеттер, ноутбук оқушылардың пайдалануына беріледі, ІТ технологиялары бойынша робототехника құралдарымен жұмыс істейді және олар үшін оқу шеберханалары мен зертханаларында теориялық-практикалық оқу іс-әрекеті ұйымдастырылады, әрі олар негізгі базалық пәндер бойынша оқу үрдісін, қиындық туғызатын мәселелерді игеруде құнды әдістемелік көмек алады.  Біздер үшін де, білім алушылар үшін де бұл оқу өте тиімді. Екі мектеп мұғалімдері арасында жағымды ахуал қалыптасады,  бірлесіп жұмыс жоспарын құрып, бірлесе отырып, сабақ жоспары жасалады, мектеп психологы тірек мектебінің психологымен бірлесіп жұмыс істейді, жыл сайын ұйымдастырылатын сессия алдында әр оқушы дәрігерлік- психологиялық тексерістен өтеді және алғашқы «Тағайындаушы»  сессиясы Тірек мектебінің базасында өткізіледі және Тірек мектебінің бірлескен отырысында әзірленген оқу үдерісінің кестесіне сәйкес ұйымдастырылады. Әрі қарай әр білім алушыға «Кіру» тестісі ұйымдастырылады, себебі оның көмегімен оқушылардың пән бойынша білім мен бейімділігінің деңгейі анықталады және сессия жұмысы оқушы біліміндегі анықталған жетіспеушілікті толықтыруға бағытталады. Оқу жылының қаңтар айында өткізілетін оқу сессиясы- оқушылардың оқып-үйренетін пәндердің практикалық бағытталуын тереңдетуді көздейді.  Оқушыларымыз ұжымдық, топтық жұмыс түрлерін орындап үйренеді, оқушыларымыз өзге мектеп өміріндегі жаңа жағдайларға үйрене бастайды, одардың қобалжу деңгейі, бейімділігі анықталып, кәсіби бағдар беріледі.  Оқушыларымыздың бейінді пәндер, қолданбалы және таңдау курстары бойынша білім алуы, үйлестіруші мұғалімнің жетекшілігімен және тьютор мұғалім көмегімен жүзеге асырылады. Оқу сабақтарын тірек мектебінің мұғалімдері кейде келісілген жағдайда магниттік мектептің, яғни біздің мектеп мұғалімдері де өткізеді.   Біздің оқушылар үшін физика, химия, биология пәндерінен зертханалық және практикалық, математикадан практикумдар, ал қоғамдық бағыттағы пәндерден тренингтер, жобалаушы іс-әрекеттер қолданылатын кіріктірілген сабақтар, таңдау курстары өткізіледі. Осы сессия нәтижелері бойынша білімділік деңгейі де анықталып, оқу қиындықтарын болдырмауға қатысты кеңестер, жеке ұсыныстар беріледі. Оқу жылының аяғында сәуір айында қорытынды сессия өтеді, яғни оқытуды жүзеге асырудың қорытындысы шығарылады, түйінді мәселелер айқындалады.  Сессия кезінде тәрбие жұмысына да зор көңіл бөлінеді. Спорттық, көркемөнер, эстетикалық, танымдық сабақтар біздің оқушыларымыздың шығармашылығын дамытуға зор үлес қосады, әрі Біржан сал атындағы музыкалық мектепке де барып, ұлттық аспап –домбыра тартуды үйренеді, оқу өндірістік комбинатына барып,  машина жүргізуді, машина жөндеуді үйренгендерін мақтаныш- пен айтып отырады. Біздердей шағын жинақталған мектептер үшін ресурстық оқудың тиімділігі өте зор. Осынау аз уақыт ішінде біздің мектеп оқушыларының соңғы екі жылда жеткен жетістіктеріне тоқтала кетсем, аудандық пәнаралық олимпиадада біздің мектептің 9-сынып оқушылары Жанатаева Альмира қазақ тілінен ІІ орынды иеленсе, Жанатаева Назерке құқық негіздері пәнінен ІІ орынға ие болды, ал Молдабаев Думан «Жарқын болашақ» олимпиадасында ІІ орынға ие болса,  Шағырова Ажар ұлттық «Бес асық» ойынынан аудан, облыс көлемінде бағын сынап, бас  жүлдені жеңіп алса, Рахимбекова Аружан  теннис ойнаудан алдына жан салмайды, сурет салудың қыр-сырын үйренген біздің мектептің  9-сынып оқушысы Асқар Ильяс, 8-сынып оқушысы Қаскен Уалихан «Бояулар құпиясы» сурет салу сайысында жүлделі І, ІІ орынды жеңіп алды. Қылышбаева Жансұлу,   Игбаева Айсауле, Темірханова Әлия- лардың  бисерден жасалған бұйымдары аудандық көрмеде жоғары бағаланды.  Ресурстық оқуға дейін біздің мектеп түлектері оқуын әрі қарай жалғастырса да, колледжде оқыса да зертханалық тапсырмалар орындау кезінде қатты қиналатын байқайтынбыз, ал бүгіндері олар әртүрлі лабороториялық  жұмыстарды еркін орындайды. Біздің мектеп оқушыларының білім сапасы да біршама жақсарды, бұрын 76% құраса, бүгінгі күні 84% құрайды. Ерекше қуанатын жайт, бұл біздің мектепті бітірген түлектер төртінші жыл қатарымен әр саладағы колледждерге ақысыз оқуға түсіп жатыр. Бұл жетістігімізге де ресурстық оқудың қосқан үлесі бар деп есептеймін. Ал әріптестерім  осынау оқудың нәтижесінде: тиімді желілік қоғамдастыққа қол жеткізді, қауымдастық ішінде жағымды ахуал қалыптасты, бір-бірімен үнемі байланыста болған әріптестерімнің  педагогикалық шеберліктері арттырылды және қоғамдастықтың шеңбері кеңейтілгені туралы қуанышпен айта аламын. Сөзімді қорыта келе, «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің басты талабы, ендеше  бүгінгі өскелең ұрпақ нағыз білімді, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, нағыз өз елін сүйетін, ұлтжанды азамат болу  үшін ресурстық оқудың тиімді екенін сеніммен айта аламын.

 

Назарларыңызға рахмет!

 

 

 

 

 

 

Жаңартылған күні: 20.10.2021 09:48
Құрылған күні: 20.10.2021 09:48

Текст